Главная страница
qrcode

Б аралы коммуникация леуметтануы жоспар


НазваниеБ аралы коммуникация леуметтануы жоспар
Дата15.04.2021
Размер85.5 Kb.
Формат файлаdoc
Имя файлаstud.kz-68366.doc
ТипДокументы
#46316
Каталог

БҰҚАРАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ӘЛЕУМЕТТАНУЫ

Жоспар:

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

1. Бұқыралық коммуникация тұжырымын зерттеушілер және олардың көзқарастары

2. Бұқаралық коммуникация құралдары

3. Бұқаралық коммуникация тілінің әлеуметтік проблемалары

ІІІ. Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер

Кіріспе

Алдымен, негізгі тұжырымдарға тоқталып кетейін. Бұқаралық коммуникация ұғымы «коммуникация» (байланыс, ақпарат) термині (лат. тілінен «сommunicatio»-хабар, ақпарат және «сommunicare»-жалпылау, әңгімелесу, байланысу, хабарлау, жіберу) ғылыми әдебиетте ХХ ғасырдың басында пайда болды. Коммуникация - адамдар, топтар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы өзара әрекеттің қажетті элементі болып табылады.Коммуникация - бұл адамдардың тіршілік әрекеті үрдісіндегі олардың өзара әрекетінің ерекшелікті формасы.

Әлеуметтік коммуникация, - деген қоғамда әлеуметтік маңызды бағалармен нақты жағдайлар, коммуникативті салалармен қарым-қатынас нормалары бекітілген адамдардың коммуникативті іс-әрекеттері.

Коммуникация негізінде қоғамда индивидуалды(жеке) және ұжымдық мінез-құлық қалыптасады. Коммуникация мынадай түрлі формада іске асады:тұлғааралық байланыстың тілдік және паралингвистикалық (ым, қылық); мәдениет саласында - әдебиет, өнер және бұқаралық ақпарат құралдары.Коммуникация адами белгілер жүйесі (тілдер) арқылы индивидтер, топтар, ұйымдар, мемлекеттер, мәдениеттер арасында жүзеге асырылады. Коммуникация тұтас белгі хабарларын алмасу ретінде адамдар арасында қарым-қатынас кезінде жүреді, онда білім, ойлар, идеялар, қарым-қатынас жасаушылардын көңіл-күй сезімдері мен бағдарламалары бейнеленген.Коммуникация индивидуалды және топтар арасындағы сөйлеу тәртібі қалыптасатын әлеуметтік келісу процессі. Сондықтан да әлеуметтануда коммуникация тұлғааралықпен қатар бұқаралық коммуникация кең түрде зерттелді.Әлеуметтану әлеуметтік факторларды, яғни бұқаралық коммуникацияның қоғамдық пікірді қалыптастырудағы әсерін, адамдардың әлеуметтік шындық пен құндылықтарға қатынасын зерттейді.Коммуникациялық процестің тұрақты элементері болып: 1) жіберуші (коммуникатор, хабарды тасымалдаушы); 2) канал немесе арна ақпаратты жіберу құралы; 3) жеке хабар; 4) ақпараттың бағытталған тұлғасы-алушы.

Бұқаралық коммуникация (БК)-бұл ақпаратты бұқаралық коммуникация құралдары (баспасөз, радио, киномотография,телевизиа), арқылы көпшілік аудиторияға адамдардың бағалау, көзқарасымен іс-қимылына әсер етуі арқылы хабарлау процесі.

Бұқыралық коммуникация тұжырымын зерттеушілер және олардың көзқарастары
Бұқаралық коммуникация тұжырымдамалары жалпы әлеуметтанылық контексттегі БК туралы алғашқы зерттеулер 20ғ. басынан басталды. БК жӛніндегі зерттеуледің негізі Г.Тард, Г.Лебон, П.Лавров, Н.Михайловский, Н.Кареева, П.Сорокиннің еңбектерінен қаланған. Алғашқы БК туралы тұжырымдамада бұқараны тобырдан бөліп қарастырады. Тобыр адамдарды басқаруға қабілетсіз және мүлдем жауапкершіліксіз қылады. Ол (тобыр) талқыламай эмоцияға, көңіл-күйге беріледі. Лебонның айтуына қарағанда, 20ғ. басты сипатын индивидтің тобырдың санасыз іс-әрекетін саналы іс-қимылға ауыстыруын санады.Француз әлеуметтанушысы және криминалисті Г.Тард өзінің тұжырымдамасын ӛз әріптесіне қарағанда тереңірек қарастырды. Лебон секілді Тард адам тобыр арасында тым эмоцияға берілгіш, саналы ойламайды деп есептеді. Адамдардың тобырдағы орташа саналық денгейі, әрбірін санаған кездегі деңгейден төмен екендігін айтты. Егер Лебон тек «шашыраңқы тобыр» туралы айтса, онда Тард жаңа әлеуметтік бірлестік –публиканы ерекше бөліп көрсетті. Публиканың құрылуының негізіне ол бұкараға әсер ету тәсілін алды. Публика ортақ ақпараттың көздерімен біріккен әлеуметтік топ.Танымал «Қоғамдық пікір (1920ж)» еңбегінің авторы В.Липпман қазіргі заман адамындағы дүниетанымының қалыптасу процесі БК-ң ықпал етуі стериотиптер негізінде іске асады. БАҚ хабарлайтын фактілерді өздерінің қарауына сәйкес түрлендіреді, кейде оны өзгертіп те жібереді. Қоршаған орта туралы түсініктері жөнінде жүктеп, БК олардың сана-сезімдері арқылы адамдар әрекетіне ықпал етеді. Осылайша баспасөздің адамдарды шексіз билеуі жүзеге асады.Американ әлеуметтанушысы Г.Ласуэлль 1948ж. өзінің «Дүниежүзілік соғыстағы насихаттау техникасы» атты кітабында тұңғыш және ең танымал, бес элементен тұратын: кім? (хабарды жібереді) -коммуникатор, не? жіберіліп жатыр)-хабар: қалай? (жіберілудің іске асырылып жатуы) -арна; кімге?(хабарламаның жеткізілуі)- аудиторияға; қандай? (хабардың әсерлілігі)-нәтиже.«Ең аз мөлшердегі әсер» (минимальный эффект) теориясының негізін қалағандардың бірі Н.Лазерефельд болып табылады. Қоғамдық пікірді сайлау науқаны кезінде зерттеудің нәтижесінде, ол, БК-ң аудиторияға шектеулі түрде, яғни, белгілі бір дәрежеде ғана әсер ететіндігін қорытты. Бұл зерттеулердің қорытындысы ретінде БК-ң аудиторияға екі сатылы әсер ету моделінің пайда болуына әкеліп, онда басымдық күшті БК емес, көшбасшының тұлғалық ықпал етуі атқарды. Кейіннен, Дж. Клаппер БК құрылымының адамдардың өміріне ықпал етуі шексіз еместігін, дегенмен, қабылдаған аудиторияға әсер ете алады деген қорытындыға келді. Сондықтан, БК халықтын сана-сезімінің ауысуының негізгі себепкері бола алмайды.Лазерефельд пен Клаппердің қорытындыларын саяси коммуникациядағы БАҚ-ң рөлі туралы кейінгі зерттеулері де дәлелдеп, БК ықпал ететін келесі факторларды анықтады:1) ақпарат көзі әрқашан хабарлаушымен(комментатор) байланысты, яғни, ақпараттың қалай және кіммен берілуі маңызды; 2) хабардың контексі маңызды болып саналады; 3) ақпарат көзі мен коммуникатордың арасында бір жағынан хабар мен аудитория, келесі бір жағынан «ақаулар», шудың болуы; 4) референттік топтардың болуы маңызды.1953ж. К.Ховланд, А.Джанинс, Х.Келли «Коммуникация және сенім» атты кітәбін жарыққа шығарып сендіруші коммуникация тұрғысынан индивидтің (коммуникатор) екінші бір индивидтердің аудитория пікірін және мінез-құлқын өзгертуді ынталандыруды енгізетін процесс. Осынау енгізудің нәтижесі ақпараттың сапасы мен ақиқаттылығына, рецепиенттердің жеке тәжірибесі мен құндылық жүесінің негізінде анықталатын ақпарат көзінің мәртебесі мен беделіне де тәуелді болады.БК зерттеу жұмыстарында Б.Барельсонның жасаған аудитория қажеттіліктерін қанағаттандыру тұжырымдамасы аса үлкен рөлді атқарадыОның пікірінше БК аудитория қажеттіліктеріне бағыт ұстап ол белгілі бір дәрежеде ақпарат мазмұның анықтайды. Барельсон БК мен қоғамдық пікірдің өзара әрекеті туралы және де олар бір-біріне әсер етеді деген қорытынды жасайды. БК өзі қызметін іске асыру үшін, ол көпшілік аудиторияға назар аударып, оның қызығушылықтары мен дүниетанымын есепке алу тиіс. Сондай-ақ ол БК-ң қоғамдық пікірге ақпаратпен ықпал етуінен гөрі ақпаратты бағалау жағы басым деген қорытындыға келеді. Қоғам дамуын ақпараттық байланыстың техникалық құралдарымен байланыстырылған құрал теориясын жасап шығарған канадалық ғалым Г.М. Маклоэн болды.Маклоэн тұжырымдамасының басты тезисінде хабардың өзі құрал деп алады. Аудиторияға бағытталған ақпараттың сапасы, қабылдау деңгейі, сол ақпарат тасымалдайтын немесе жіберетін құрал немесе арна мен анықталады. Ақпаратты жіберетін әрбір құрал бір ғана арнайы тіл мен актуализацияландырылған әдіспен, қоғамға әсер ететін сол ақпараттың сипатын қалыптастырады соған сәйкес дүние қабылданады.

Бұқаралық коммуникация құралдары

«Коммуникация» термині қарым-қатынас құралы ретінде де кең қолданылады. Коммуникацияны «араласу», «сөйлесу», яғни белгілі бір ақпаратты жеткізу барысында тілді іске қосу деп те қарастыруға болады. Әрине, коммуникация терминіне терең талдау жасайтын болсақ, оның лингвистикалық тілді пайдалану арқылы белгілі бір ақпарды жеткізумен шектейтін мәнімен қоса әлеуметтік-психологиялық мағынасы да барлығын көреміз – адам тұлғаларының эмоционалды, аффективті-құндылықтық реңкі басым қатынасу, іштесу, араласуын да білдіретіндігін көреміз. Осы айтылғанмен жалпылама анықтаманы шектегенді жөн көргендіктен, коммуникация деп біздер адамдар арасында таңбалық-белгілік құрылымдар арқылы ақпар алмасу ісін жүзеге асыратын негізгі қарым-қатынас жолын айтамыз.

Сонымен, араласу мен коммуникация арасында ұқсастықтар да, айырмашылықтар да бар. Қорытындылай келе, анықтайтын болсақ, коммуникация деп тұлғааралық байланыста да, көпшілік байланыста да түрлі коммуникативтік құралдар арқылы ақпаратты жеткізу мен қабылдаудың әлеуметтік шартталған процессін айтады. Коммуникация – адам «Мен»-інің өзін «Басқадан» табуына көмектесетін, қарым-қатынасты білдіретін философиялық категория десек те болады. Коммуникация Ясперстің экзистенциализмінде, сондай-ақ, қазіргі француз персонализмінде мейілінше толық көрініс тапты.

Коммуникация мен адамдар арасындағы аралас-құраластық қарым-қатынасы – мәдениеттің маңызды бөлігі. Олардың маңыздылығы сонша, көп жағдайда мәдениетті коммуникациямен теңдестіру сарыны да жиі кездеседі. Мәдени қарым-қатынастарды зерттеудегі танымал маман Э. Холл мәдениет дегеніміз коммуникация, ал коммуникация дегеніміз мәдениет деп теңдестіре қарастырады.

Коммуникация процесін түрлі үлгіде көзге елестетуге болады. Солардың бірін келтіре кететін болсақ, оны интерактивті үлгі деп атаймыз. Интерктивті үлгідегі коммуникация бірінен кейін бірі келіп отыратын төмендегідей өзара байланысты сатылардан тұрады:

Жіберуші көз – ақпарды жіберу үшін даярлаушы (ол жеке адам да, ұйым да бола алады).

Кодтау – жіберілетін ақпарды белгілі бір таңбалық түрге айналдыру.

Ақпар – коммуникацияның не үшін жүзеге асырылып жатқандығына себепкер идея, жаңалық, хабар. Ол рәміз, таңбалардан тұрады, сөйтіп, не ауызша, не жазбаша, не көзге көрінетін визуалды қалыпта болады.

Арна – ақпаратты тасымалдау жолы. Ол тұлғааралық сипатта да, көпшілік сипатта да болуы мүмкін.

Кодын алып тастау – ақпаратты қабылдау барысында түсінікті ету жолы.

Қабылдаушы – ақпардың кімге арналғандығы.

Кері байланыс – қабылдаушының алған ақпаратына деген реакциясы: ақпарат оның білімін, ұстанымын, іс-әрекетін өзгертуі мүмкін.

Бұдан басқа коммуникация процессінің психологиялық компоненттері де болады. Оларға: коммуникативтік ниет – басқа біреумен қарым-қатынасқа түсу пиғылы;

ақпараттың жобасы – автордың қабылдаушыға жібергісі келген таза бастапқы күйдегі ақпарат, сол ақпараттың идеясы; ақпараттың көздеген мақсаты жатады. Соңғысы әдетте екі топтан тұрады: жақын арадағы мақсат және ұзақ уақытты көздеген түпмақсат. Көбінде адамдар түпмақсатты жасырын ұстауға тырысады.

Коммуникация туралы айта бастағаннан-ақ оның рәміздік табиғатына жүгінуге тура келеді. Адамдардың реттелген түрде қарым-қатынас жасау қажеттілігі, табылған білімді сақтау және мұралау талабы, әлеуметтік мәні бар ақпаратты ұрпақтан ұрпаққа жеткізу керектігі адамзат мәдениетіндегі көптеген таңбалардың, рәміздердің дүниеге келуіне әсер етті.

Рәміз – мәдениеттегі ең көпмағыналы ұғымдардың бірі. Ол қандай да бір затты, процессті әлде құбылысты білдіретін шартты белгілер. Олардың басты қызметі өзі арқылы басқаның орнын басу, басқаның орнына жүру. Мысалы, кітап сөзі нақты шындықтағы кітаптың орын басатын белгі-сөз. Кітапты сурет (икона) ретінде де жеткізуге болады. Рәміздер өзінің тасымалдауға жеңілдігінің арқасында нақты заттардың ауырлығын, қомақтылығын білдіртпейді деуге болады.

Рәмізге байланысты тағы бір айта, түсіндіре кететін терминдер денотация мен коннотация. Денотация деп рәміздің жалпыға түсінікті нақты мағынасын айтамыз, ал коннотация деп барлығы үшін емес, шағын ғана топ үшін өзекті мағына туралы айтылады. Сондықтан да ол денотацияға қарағанда субъективті әрі эмоционалды табиғатқа ие. Халық арасындағы қарапайым мысалды түсінікті болу үшін келтіре кететін болсақ, «базар» сөзі Шығыс халықтарында сату-сатып алу орнын білдіреді. Бұл мағына көпшілік түсінігіне ортақ. Ол – денотат. Ал ол сөзді қазіргі қоғамдағы кейбір топтар басқа мағынада – «айтылған сөз» мағынасында пайдаланып жүр. Бұл «базар» сөзінің коннотациясы.

Адам қарым-қатынассыз тіршілік етпейді. Қарым-қатынас үстіндегі кез келген әрекет ақпарат болып табылады. Өйткені адам әлемі мәнділік әлемі. Сол мәнді беруші де, мәнге назар аударушы да, пайдаланушы да адамның өзі. Адамның сөйлемеген кезінде де, оның үнсіздігінен де көп нәрсені аңғаруға болады, өйткені оның барлығы қоршағандарға әсерін тигізбей қоймайды. Кейде өзіңе қабақ астынан үндемей қараған жанның бұдан гөрі маған айғайлап ұрысқаны дұрыс еді дейтіндей жағдай да болатындығы мәлім.

Коммуникация арналары туралы бір-екі ауыз айта кетер болсақ, онда бұқаралық ақпарат көздері (баспасөз, радио, теледидар және т.б.) мен тұлғааралық қарым-қатынас жолын айта аламыз. Оған вербалды, бейвербалды және паравербалды ақпарат тасымалдау көздерін жатқызамыз.

Вербалды ақпарат көздеріне – тілді, сөзді, айтылған әңгімені жатқызамыз. Ал тіл пайдаланылмаған жағдайда бейвербалды каналдар: мимика, қол қимылы, дене қимылы, көзқарас, арақашықтық, өзі-өзі ұстау мәнері, киім киіс үлгісі мен иіс те кіруі мүмкін. Күліп амандасқаннан жақтырмай суық амандасқанды ажырату оңай ғой. Айтылатын сөз біреу, ал қалдырған әсер – түрліше. Ал паравербалды арналарға интонация, дауыс ырғағы, сөйлеу шапшаңдығы кіреді.

Коммуникацияның атқаратын басты қызметтері төмендегідей болып келеді:

Ақпараттық қызмет – адамдар арасында ақпарат алмасуды жүзеге асырады, ал әлеуметтік қызмет – адамдар арасында өзара қарым-қатынасқа түсу қабілетін арттырады. Осы соңғы қызмет біздің пікірлерімізді, дүниетанымымызды, қандай да бір орын алған оқиғаға деген қатынасымызды құрастырады.

Экспрессивті қызмет адамдардың ақпарат алмасу барысында бір бірінің эмоционалды көңіл-күйін түсінуін білдіреді. Қарым-қатынас барысында эмоциялардың қаншалықты маңызды екендігі кімге де болса мәлім. Эмоцияны сөз қылып айтпай-ақ бет әлпетімен де жеткізуге болады.

Прагматикалық қызмет арқылы коммуникацияға қатысушылардың іс-әрекеті мен өзін-өзі ұстау мінез-құлығы шектеледі. Ол сол коммуникацияның көздеген түпмақсатына сай жүргізіледі.

Интерпретациялық қызмет коммуникацияға бірге түскен адамды түсіну үшін қажет. Коммуникация құралдарының түр түрі қоршаған шындықтың оқиғасы туралы ақпарды жеткізіп қана қоймай, сонымен қатар, оны белгілі бір мағынада түсіндіреді, интерпретациялайды.
Бұқаралық коммуникация тілінің әлеуметтік проблемалары
Бұқаралық коммуникация тек ақпарат жеткізудің көзі ғана емес, ол өзі жеткізіп отырған ақпаратына көпшілік оқырманды сендіру мен сол көздеген мақсаты бағытында тәрбиелеу жүгін де қоса атқара алады. Осы тұрғыдан келгенде газет ұжымдық үгітші, насихатшы және ұйымдастырушы қызметін де атқара алады. Газеттің сан қырлы қоғамдықәлеуметтік қызметін дөп басып, дәлтаныған ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы кезінде «Газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газета сондай керек. Газеті жоқ жұрт, басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керек, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды», – деп, мерзімді басылымдар қызметінің сан қырын танып барып айтқаны ақиқат.

Қазіргі қоғамда ақпарат көздерін таратудың телекоммуникация, интернет сияқты заманауи құралдары шығып, кең қолданысқа енгенімен, мерзімді басылымдардың, соның ішінде, газеттердің де әлеуметтік-коммуникативтік қызметі Ахаң берген дәрежеден төмендей қоймағаны даусыз. Алғашқы қазақ газеттері ұлт тарихында, мәдениетінде ерекше құндылықтарға ие болса, «әр жылдары жарық көрген басылымдар – еліміз тарихының әр күні, айы мен жылының жылнамасы іспетті».

«Қай тілдің болмасын лексикалық жүйесін тек сол тілдің сөздік құрамының ішкі даму заңдылығының нәтижесі деп қарауға болмайтыны белгілі. Бұлай ету әлеуметтік фактордың әсері мен ықпалын елемегендік болар еді. Сонымен қатар аталған мәселеге бұлайша қарау тілдің құрамдас бөліктері: фонетика, морфология, синтаксистердің ішкі даму заңдылықтарын лексикаға формальды (механикалық) түрде таңа салушылыққа әкеліп соғады. Әдетте, фонетикадағы, синтаксистегі өзгерістерді қоғам дамуының бір ғана кезеңімен байланыстыра қарауға болмайды. Ал лесика болса, аталғандардан өзгешелігі, әлеуметтік өмірдің дамуымен тығыз байланысты. Мәселен, қоғамда өндірістің, шаруашылықтың, өнер мен ғылымның, техниканың т.б. дамуы мен ондағы жаңалықтар тікелей сол халық тілінің сөздік құрамында із қалдырып отырады. Ал тілдің фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік құрылымдарындағы өзгерістер оның тарихи даму барысындабіртіндеппайда болады. Бұларда ішкі құрылыс заңдылығы басым болады да, ал лексиканың дамуында шешуші рольді әлеуметтік фактор атқарады».

Әлеуметтік топтар тіліндегі айырмашылықтарды бүгінгі күні «әлеуметтік диалектілер» терминімен атайды. Негізінен, бұл «әлеуметтік диалектілер» жалпыхалықтық тілден лексикасы арқылы ерекшеленетінін, оған кәсіптік-лексикалық жүйелер, топтық және корпоративтік лексикалар, әртүрлі ұжымдарға тән жаргондар,әлеуметтік топтарға тәншартты тілдер т.б. жатады. Кеңес лингвистерінің еңбектерінде тілдің бұлайша әлеуметтік саралануын қоғамның таптық құрылымға жіктелуінің тілдегі көрінісімен байланыстыра қарау үрдісі байқалады:«әлеуметтік диалектілердің болуы түптің түбінде қоғамның таптық саралануынан туындайды, алайда әлеуметтік сараланудың нақты формалары белгілі бір таптың өкілдерінің тікелей және бір жақты белгілеріне тәуелді емес».

Маркстік әлеуметтануда қоғам әлеуметтік және табиғи саралануға ажыратылған. Табиғи саралану адамдардың жасы, жынысы, нәсілі сияқты т.б. белгілеріне негізделсе, әлеуметтік саралану өндірістік қатынас негізінде пайда болды. Өндірістік қатынас жүйесіндегі әлеуметтік теңсіздік жайлаған қоғамда табиғи саралану әлеуметтік сараланумен тығыз жымдасады. Оның мәртебесінің әлеуметтік теңсіздікпен тікелей қатынасы анық көрінеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының тілдік проблемаларын зерттеуді үш негізгі бағытқа топтастыруға болады: 1) тілдің (сөздің) бұқаралық коммуникация жүйесіндегі рөлін зерттеуге (әлеуметтік психология); 2) тілдің осы салада қолданудан туындайтын ішкі құрылымдық ерекшеліктерін талдауға (таза лингвистикалық тәсіл); 3) бұқаралық коммуникацияның соңғы жылдары өзектілікке айналған әлеуметтік проблемаларын зерттеу.

Әлеуметтік-психологиялық бағыт бұқаралық коммуникация тілін идеологиялық және эстетикалық әсер ету құралы ретінде қарастырып, қоғамдық көзқарастың қалыптасуындағы тілдің рөліне ерекше назар аударады.

Бұқаралық коммуникация тілінің проблемаларын әлеуметтік-психологиялық және таза лингвистикалық тәсілмен қарастыру бұқаралық коммуникациядағы тілдің рөлі және бұқаралық комуникацияның тілдің дамуындағы рөлі деген ұғымдарды түсіну тұрғысынан бір-бірінен ерекшеленеді. Әдетте, бұл екі бағытты зерттеу таза теориялық және қолданбалы проблемаларды шешумен байланысты.
Қорытынды

Әлеуметтік қатынастарды зерттеу, ең әуелі, тілдің бұқаралық коммуникация саласында қолданылуының шарты мен көлемін зерттеуді көздейді. Мұнда аудиторияның әлеуметтік лингвистикалық сипаты, сондай-ақ осысалада тілдің қоғамдық қызметінің дамуы ескеріледі. Әлеуметтік лингвистикалық тәсіл бұқаралық коммуникацияның тілдік проблемаларын белгілі бір жағдайда кешенді қарастыруға мүмкіндік береді, алайда таза лингвистикалық және әлеуметтік-психологиялық аспектілерді оның механикалық бөлшегі деп есептеу қате пікір болар еді. Әлеуметтік лингвистикалық тәсіл барысында таза лингвистикалық талдаудың әдістемелік амалдары мен әлеуметтік зерттеулердің әдістемесін қолдану бұл бағыттардағы нәтижелерді талдап қорытуға және олар қозғамайтын проблемаларды қарастыруды көздейді.

Пайдаланылған әдебиеттер

Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет.
  • Р.Әбсаттаров, М.Дәкенов «Әлеуметтану» Алматы: Қарасай,2007 жыл.
  • А.И. Икенов, А.Д.Жүсіпова «Әлеуметтану негіздері» Алматы Экономика 2004 жыл
  • И.Шәмшәтұлы, МДәкенов, Д.Дәуіт, Н.Күнкожаев "Әлеуметтану" Алматы, 1999ж
  • Р.Әбсаттаров, М.Дәкенов, «Әлеуметтану», Алматы «Ғылым» ғылыми баспа орталығы; 2003. – 376 б.
  • Тощенко Ж.П. «Социология» Москва, 1994


    перейти в каталог файлов


  • связь с админом