Главная страница
qrcode

Үлгі. азіргі лемдегі аза стан Курсты ж мыс


Скачать 58.92 Kb.
Названиеазіргі лемдегі аза стан Курсты ж мыс
Дата07.10.2019
Размер58.92 Kb.
Формат файлаdocx
Имя файлаҮлгі.docx
ТипДокументы
#37794
Каталог




Химия – биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебі
Қазіргі әлемдегі Қазақстан

Курстық жұмыс

Оқу бағдарламаға сәйкес тақырыптың бағыты: Қазақстан қоғамының құндылықтары
Тақырыпша: Жаһандану дәуірінде қоғам құндылықтарының өзгеруі қаншалықты қауіпті?

(3438 сөз)


Орындаған:

(аты-жөні, қолы)
Жетекші:

(аты-жөні, қолы)

Ішкі модератор:

(аты-жөні, қолы)

Павлодар қ., 2018
Мазмұны
КІРІСПЕ 3

НЕГІЗГІ БӨЛІМ 4

Зерттеу әдісі 5

Бағалау 9

Зерттеу қорытындысы 10

ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ 11

Пайдаланылған әдебиет 12

Кіріспе
Қазіргі әлемде өте тез қарқынмен жүріп жатқан үрдістердің бірі - жаһандану. Оның басты қағидасы – әлемнің біртұтастығы, өзара байланыстылығы, тәуелділігі. Демек, жаһандану дүниенің төрт бұрышына әсер ететіндіктен, Қазақстан да бұл үрдістен шетте қалмаған. Тәуелсіздік алынғаннан кейін әлем елдерімен дипломатиялық қарым - қатынастар орнатылды, шетелдік бөлімшелер отандық нарыққа енгізілді, мемлекетіміз халықаралық ұйымдарға мүшелікке кірді және жаһанданудың қоғамның барлық салаларына ықпал ететініне басқа да көптеген мысалдар келтіруге болады. Алайда, бүгінгі қоғамды алаңдайтыны - ұлттардың өзін ұлт ретінде ерекшелендіріп келген ұлттық-мәдени құндылықтарының әлсіреу қаупі.

Құндылық дегеніміз не? Оның әр азаматқа ана сүтімен, ата қанымен даритыны белгілі. Ашып қарасақ, құндылық - адамды тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған мұраттар [1]. «Халықты қандай құндылықтар біріктіріп отыр?» десек, әрине ол - тіл, дін, салт - дәстүр, патриоттық сезім, бауырмалдық қасиеттер екені анық. Соның барлығы атадан балаға беріліп келе жатқан аманат. Осындай қоғам құндылықтары халыққа үнемі қуат беріп тұрады [2]. Алайда, бүгінгі замандағы технологиялық бәсекелестік қарқын ала түскен қоғамда біздің бабадан балаға беріліп келе жатқан сол құндылығымыз біртіндеп жойылып бара жатыр. Қазақ қоғамы батыстандыру саясатының ықпалына түсіп, жастар шетелдіктерге еріп жатыр, олардың музыкасын тыңдап, киносын көреді, ұлттық әдет - ғұрыптардан, салт - дәстүрден безеді. Қазақтардың «Сен кімсің?» сұрағанда «Мен - қазақпын!» деп ана тіліңде жауап бере алуы өзі екіталай. Осылайша, мәдениетіміздің жаһандануға жұтылып, бұрмалануы немесе мүлдем жойылуы мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Сондықтан да көтерілген мәселе бүгінгі таңда аса өзекті болып табылады.

Өзінің 2012 жылғы Қазақстан халқына жолдауында елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: “Біз бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдырдық. Біз осы құндылықтарды қазақстандықтардың әрбір болашақ буынына аялай ұсынуымыз керек” деген пікірі қоғам құндылықтарының маңыздылығын айқындайды [3]. Яғни, әр елдің қалыптасуы барысында дамыған құнды қазынаның келесі ұрпаққа берілуі ұлттық болмыстың дамуына жетелейді. Олай болса, жаһандану үдерісінің ықпалынан туындайтын қоғам құндылықтарының өзгерісі Қазақстан үшін қаншалықты қауіпті екенін анықтау жобаның мақсаты болып табылады. Жоба мақсатын іске асыру үшін берілген тақырып бойынша әдебиеттерді зерттеу, сауалнама өткізу және алынған мәліметтерді SWOT әдісі арқылы талдау әдістері қолданылды.

Жаһандану үдерісінің қоғам құндылықтарына әсерін бағалау үшін, олардың қазіргі кезде қандай сипат алатынын, негізгі тірегі не болып табылатын анықтап алу қажет. Содан соң, жаһанданудың құндылықтарға қалайша әсер ететінін зерттеп, кері өзгерістерді жоюдың жолдарын ойласытру керек. Осы жоспарға сәйкес, төменде зерттеу сұрақтары келтірілген.
Қазақстандағы қоғам құндылықтарының маңызы қандай?
  • Жаһандану үдерісінің қазіргі қоғам құндылықтарына әсері қандай?
  • Жаһанданудың қоғам құндылықтарына кері әсерлерін жоюдың жолдары қандай?

    Негізгі бөлім
    Қазақстандағы қоғам құндылықтарының маңызы қандай?
    Қазақстандағы қоғам құндылықтары
    Қазақ халқы өзінің бостаңдығы үшін 260 – тан астам ұлт-азаттық қозғалыс пен көтеріліске шыққан. Соңғысы – лебі өзге шетелдіктерге де жеткен 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі. Ақыры тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, бәсекеге қабілетті мемлекетті қалыптастыру үшін негізін елдің мыңдаған жылдар бойы Еуразия құрлығының орталығында қалыптасқан көп ғасырлық тарихы, бірегей ұлттық болмысы мен ойлау машығы, өзіндік дүниетанымы мен діні, ана тілі мен ұзақ әрі қиын кезеңдерден өткен, отырықшы тұрмыстың ерекшеліктерін сіңірген көп құрылымды қазақ мәдениеті құрайтын жаңа құндылықтар жүйесін дамыту мәселесін қолға алу маңызды болды. Осылай 26 жыл ішінде түбірінен жаңа демократиялық құқықтық мемлекет құрылды [4].

    Құндылықтар қоғам үшін маңызды болып келетін қағидалардың қызметін, өзіне бағындырып, реттейді. Адам өзін қоршап жатқан әлемді құндылықтар арқылы бағалайды. Олар бала кезден, ұлттық тіл, салт – дәстүрлер және әдет – ғұрыптарды, халықтың тарихы мен мәдениетін игеру [5], сонымен бірге, отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік қасиеттер арқылы орнығады. «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде ел болашағы үшін тұрақтылық, бірлік пен біртұтастылықтың маңыздылығы жайлы айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұту; зайырлы ел – тағаттылық елі. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады. Біздің басты мақсатымыз – қазақстандықтар жаңа жалпыұлттық құндылықтарды – құқықтың үстемдігін, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақстандық құндылықтарды – өздерінің этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюлары керек», – деп, қоғам құндылықтарының маңызын көрсетті [6].

    Қазіргі кезең - қоғам құндылықтарының өзгеру немесе жойылу кезеңінде өз халқының өнерін, салт-дәстүрін, музыкалық мәдениетін оқу-тәрбие үдерісінде пайдалана отырып, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Себебі, адамгершілік қасиеттерінің жүдеу тартуы, ана тілін, тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмеу, үй тонау, кiсi өлтiру, маскүнемдiк пен нашақорлық сияқты мәселелер жастар қауымында жиі орын алатын болды. Оларды жоюдың негізгі жолы – жастарға ұлттық тәрбие беру, яғни қоғам құндылықтарын қастерлеуді үйрету мен рухани мәдениетін арттыру болмақ [7]. Келешек ұрпақты халықтық тұрғыдан тәрбиелеудің арқасында ғана жарқын болашаққа қол жеткізуге болады. Ал тәрбиелеу үдерісі өз қоғамымызға тән мәдени-рухани құндылықтармен тығыз байланысты. Сондықтан да, олардың бүгінгі таңда рөлі ерекше.
    Қоғам құндылықтарының әлсіреу қаупі
    Қазір әлемдік жаһандану үдерісі ерекше екпін алған шақ. Бұған дейін бұл үдеріс адамзат тарихында осыншалық ерекше маңызға ие болмаған еді және дүние жүзінің барлық елдері мен халықтарын қамтымап еді. Қоғам құндылықтары дағдарысының кең көлем алғаны соншалық, адамдардың көпшілігі үшін ол ұлттың сақталу мәселесі ретінде көрінеді. Неміс психологы Э. Эриксон бұл туралы XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы әлемдік қарқынды өзгерістер ұлттық құндылықтар мәселесін өршіте түсті деген пікір білдірді [8]. Сондықтан да, жаһанданудың кері әсеріне қоғам құндылықтарының өзгеруін немесе жойылуын жатқызуға болады.
    Зерттеу әдісі
    Бүгінгі күні ұлтымыздың мәдениетіне сай келетін әдет - ғұрыптар мен салт - дәстүрлердің сақталып келе жатқанын, ана тіліміздің қолданысын, отбасы тәрбиесінің ұлтымыздың ерекшеліктеріне сәйкес берілетінін анықтау үшін, мұндай ақпаратты тура ел аузынан жинастыру қажет. Сондықтан, жаһандану үдерісінің халыққа және қоғам құндылықтарына тигізетін әсерін бағалау, олардың сақталатынын немесе сақталмайтынын білу мақсатында елімізде тұратын қазақ азаматтарынан сұхбат алынды. Сұхбатқа қатысуға төрт адам тілек білдірді.
    Кесте №1. Жаһанданудың халыққа әсері жайлы сұхбат жуаптары

    Қазақ салт - дәстүрлерін ұстанасыз ба?
    Ұстанамын, бірақ кейбіреулерін ғана.
    Құрметтеймін әрі ұстанамын. Әсіресе, ата-ананың құда түсуі, келін түсіру тойы, неке қию рәсімі сияқты үйленуге қатысты әдет - ғұрыптар жаныма сондай жағады.
    Қазақтың барлық дәстүрлерін ұстанбаймын, себебі, меніңше, олардың кейбіреулері ескерген.
    Ұстанамын және балаларымды да соған шақырамын.
    Үйіңізде өзіңіз және балаларыңыз қандай тілде сөйлейді және білім алады немесе алғандығын қалайсыз?
    Үйде отбасым көбінесе орыс тіліңде сөйлейді. Бір балам бар және ол орыс тіліңде білім алады.
    Өз басым негізінен қазақ тіліңде сөйлеймін, болашақта балаларымды қазақ мектептеріне беремін.
    Екі тілде де сөйлейміз (қазақ және орыс). Балаларымның біреуі қазақ тіліңде оқиды, біреуі келесі жылы орыс мектебіне барады.
    Баламның қазақ тіліңде оқығанын қалаймын, бірақ өзім көбінесе орыс тіліңде сөйлегендіктен, бұл қиынға түсуі мүмкін.
    Қоғам құндылықтарының маңызы қандай?
    Менің ойымша, қоғам құндылықтары жас ұрпақты тәрбиелеудегі басты құрал. Қоғам құндылықтары қаншалықты сақталса, соғұрлым жастар зиялы, еңбекқор, мәдениетті азаматтар болып өседі.
    Қоғам құндылықтарының маңызы ерекше. Олар жеке тұлғаны және жалпы қазақ ділін қалыптастырады деп ойлаймын.
    Қоғамда қалыптасқан құндылықтар әрбір азаматтың өмірлік позициясына әсер етеді. Яғни, туған халқы қандай идеяларды ұстанса, жеке тұлға да сол идеялар бойынша өмір сүреді.
    Қоғам құндылықтары, бүкіл халыққа тура ықпал етеді. Ал халық елді дамытушы күш болғандықтан, құндылықтардың жалпы мемлекет үшін маңызы жоғары.
    Сіздің ойыңызша, өткенмен салыстырғанда қоғам құндылықтарында өзгерістер бар ма?
    Бар, себебі қазір бірқатар құндылықтарымыз батыстандырудың ықпалына түсті.
    Ия, бар. Адамдар бүгінде басқаша ойлайды, олардың өмірге, әлемге деген көзқарастары да басқа. Сондықтан кейбір құндылықтарымызды жоғалттық, кейбіреулерін керісінше дамыттық.
    Әрине, қоғам өзгеріп бара жатыр және заманға сай құндылықтар да өзгереді. Салт - дәстүрлер сияқты олар ескеріп, өзекті болмауы мүмкін.
    Еліміз Еуропа мен Азия ортасында тұрғандықтан, екі жақтың ықпалында болып отыр. Сондықтан да ұлттық дәстүріміз бен мәдени құндылықтарымыз заманға сай трансформацияға ұшырап жатыр деп ойлаймын.
    Жаһандану үдерісінің қазақ қоғамына теріс ықпалы бар ма?
    Жаһандану үрдісі, менің ойымша, қазақтың мәдени байлықтарының шет елдік мәдениетпен алмастырылу қаупін тудырады. Яғни, халқымыз өзін ерекшелендіріп тұрған құндылықтарынан айырылуы мүмкін.
    Қазірде жастардың көбі американдық фильмдерді көреді, шетелдіктердің музыкасын тыңдап, тіпті батыстық үлгідегі киім киеді. Бұның барлығы батыстандыру саясатының айқын көрінісі және бұл жағдай ары қарай жалғасатын болса, қоғамымыз түбегейлі өзгерістерге ұшырайды деген ойдамын.
    Жаһандану үдерісі қазақ қоғамының құндылықтарына теріс ықпал етеді. Сондықтан да рухани байлығын, ұлттық санасын, дәстүрін жоғалтқан ұлттың болашағы болмайтынын ұмытпағанымыз жөн.
    Тіл мәселесі қазірде өте өзекті және, менің ойлауымша, жаһандану бұған тікелей әсер етеді. Қазақтардың ана тілінің орнына басқа тілдерде сөйлеп, оқуы, шетелге кетіп, қайта оралмауы осы үдерістің бірден - бір жағымсыз әсері.
    Жастардың үлкендерді құрметтемеу, оқуға немқұрайлы қарау, тым ашық киім кию, заңсыз әрекеттерге бару сияқты қазақ құндылықтарына сай келмейтін қылықтары жаһанданудың салдарына жатқызуға болады ма?
    Бір жағынан, ия, болады, себебі американизация қазірде өте қарқынды жүріп жатыр. Сол себептен, қазақ жастары американдықтардың өмір салтына еліктейтін сияқты.
    Меніңше, әркім бұған өзі жауапты. Алайда, ұлттық сананың өзгеріп, нәтижесінде, жастардың осындай іс - әрекеттерге бару себептерінің бірі ретінде жаһандануды қарастыруға болады.
    Жатқызуға болады, өйткені, жаһандану мәдениетіміздің өзгеруіне әкелді. Осыған орай туған халқына деген құрмет сезімдері, ана тілін, тарихын, салт-дәстүрін қастерлеу, сонымен қатар, сенімділік, намысшылдық, тәрізді қасиеттердің қазірде бағаланбауы осындай қылықтарға негіз болып табылады.
    Жаһандану, әрине, жастарға теріс әсер етуі мүмкін, мысалы, ғаламдық тор олардың санасын өзгертіп, қоғамға жат болып көрінетін қылықтарға итермелеуі мүмкін. Қайткенмен, басқа да факторларды ескеру қажет.
    Балаларыңыздың бойында ұлттық мінездерді қалыптастыруға тырысасыз ба?
    Бұған аса көңіл бөлмеймін, алайда адалдық, сенімділік сияқты маңызды қасиеттерді бойларына сіңдіруге тырысамын.
    Болашақта тырысатын боламын.
    Тырысамын, әсіресе отанына деген сүйеспеншілік пен құрмет сезімдерін қалыптастыру маңызды деп ойлаймын.
    Балаларым болғанда, олардың бойында қазақилықты дамытуға тырысамын.

    Сұхбат жауаптарына SWOT талдауын жасау барысында, жаһанданудың қоғам құндылықтарына жағымды әсері ретінде, сауалнамаға қатысушылардың көбінің өз балаларын қазақ тілінде оқытатын оқу орындарына беретіндіктерін, ұлттық салт-дәстүрлерді білетіндіктерін және бауырмалдық, намысшылдық, адалдық сияқты қоғамымызда ерте кезден бері бағаланатын қасиеттерді қастерлейтіндіктерін, балаларының бойына сіңіретіндіктерін атап айтуға болады.

    Жаһандану үдерісінің кері әсеріне сауалнамаға қатысушылардың қазақ салт - дәстүрлерінің тек кейбіреулерін ғана ұстанатындықтарын, ана тіліңде аз сөйлейтіндіктерін, ұлттық құндылықтардың батыстың ықпалына түсетіндігін, қазіргі кездегі жастардың еуропалық үлгідегі киімдерді киюлерін, шетелдік мәдениетке көбірек қызығуын, шетелге белгілі бір мақсатта кетіп, қайта оралмауын жатқызуға болады.

    Бұл үдерістен туындайтын қауіптерді қарастыратын болсақ, олар - жастар сана - сезімінің өзгеруі, ұлтымыздың қанына сіңіп кеткен қасиеттердің ұмытылуы, келесі ұрпақта көрініс таппауы, қоғам құндылықтарының толықтай жойылып, батыс елдерінің құндылықтарымен алмастырылуы, сәйкесінше, қазақ халқының өз ерекшеліктерінен айырылуы, соның ішінде мәдениеттің түбегейлі өзгеруі және қазақ тілінің қолданыстан шығуы.

    Туындаған қауіптерді жақсы жақтарымен жою үшін, яғни қоғам құндылықтарының әлсіреуін болдырмау үшін, ұлттық тарихты жаңғырту қажет. Ол үшін білім беру орындарында қазақ мәдениеті мен оның сақталуы үшін қазақ зиялыларының өз өмірлерін құрбан еткендігі жайлы бейнебаяндарды көрсету, ұлттық мейрамдарды тойлау кезінде салт - дәстүрлердің сақталуын қамтамасыз ету және мектептердің оқыту бағдарламаларына қазақ халқының өткендегі тұрмысын, құндылықтарын, балаларды тәрбиелеу үрдісін көрсететін шығармаларды көбірек кіріктіру қажет.

    Мүмкіндіктер ретінде сұхбатқа қатысушылардың салт - дәстүрлерді ұстану, балаларын қазақ мектептерінде оқыту арқылы олардың бойында ұлттық мінездерді жастайынан қалыптастыруға тырысатындығын келтіруге болады.

    Өткізілген сұхбат нәтижесінде, қоғам құндылықтарының маңыздылығына көз жеткізуге болады. Олар халыққа және бүкіл мемлекетке тура әсер ететіндіктен, олардың жаһандану ықпалынан өзгеруі немесе жойылуы шыңында да өзекті мәселе деген қорытынды жасауға болады.
    Жаһандану үдерісінің қазіргі қоғам құндылықтарына әсері қандай?
    Қазіргі таңда ұлттық қоғамдардың, мемлекеттердің саяси, экономикалық және мәдени жағынан өзара белсенді әрекеттесуінен, жаһандану экономикада бәсекелестікті тудырып қана қоймай, мәдениет саласына да әсер етіп, оның дәстүрлі үлгілерін бұзады да, өзіндік ерекеше сипаттарын жойып жібереді [9]. Сондықтан да осындай қауіп - қатерлерді және Қазақстанның мәдени бірігуін, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін, мемелекет үшін маңызын зерттеу мақсатында 2012 - 2013 жылдары аралығында 36 мемлекеттің тұрғындары мен сарапшылары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Қатысушылардың 59,6% Қазақстан Республикасының, 11,8% ТМД мемлекеттерінің және 26,6% алыс шетел елдерінің тұрғындары құрады. Зерттеу нәтижелері сауалнамаға жауап берушілердің жаһанданудың қазіргі қоғамға тән үрдіс екенін және оның адам өмірінің барлық салаларына әсер ететіндігін дұрыс түсінетінін көрсетті. 2012 ж. респонденттердің 65% мәдени бірігу неге әкеледі деген сұраққа жағымды көзқараспен жауап берсе, 2013 ж. көрсеткіш 10,9% - ға дейін төмендеді. Бұған қоса, жауап берушілердің 44,1% мәдени бірігу ұлттық ерекшеліктердің жойылуына, 32,2% мәдени реңктің жоғалуына әкеледі деп жауап берді. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың ойынша, аталған үрдіс елдер арасындағы қарым - қатынастың жақсаруына әкеледі. Алайда, жалпы шешімге келетін болсақ, 1 жыл аралығында ғана мәдени бірігу жайлы көзқарастар жағымсыз жаққа қарай өзгергенін байқауға болады [10].

    Қазақстанға әлемдік мәдени бірігуге кірудің қажеттігі бар ма деген сұраққа жауап берушілердің жартысынан көбі (66,7%) “иә” деп жауап берді. Олардың 43,1% осы үрдіс отандық мәдениеттің шетелде танымал болуына септігін тигізеді, 30,1% шетелдік мәдени ұйымдармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, 24,9% қазақстандық және әлемдік мәдениеттердің мақсаттарының бірігуіне әкеледі деген ойда. Осылайша 2012 - 2013 жылдары алынған зерттеу нәтижелері Қазақстан тұрғындарының интеграция жайлы оң көзқараста екенін дәлелдеді және онсыз халықаралық қатынастар құруға мүмкін емес деген пікірдің қалыптасқанын көрсетті. Сауалнамаға қатысушылардың ойынша, мәдени бірігуге кірудің арқасында ғана Қазақстан өркениетті елдер қатарына қосыла алады. Оннан бір бөлігі ғана бұның елімізге тиізер әсері жағымсыз деп санады, өйткені, нәтижесінде ұлттық ерекшеліктер жойылып, әлемдік тенденциялардан тәуелділік пайда болуы мүмкін [10].

    Сауалнамаға қатысқан елдердің сарапшыларынан мәдени интеграция терминіне анықтама беруді сұрағанда, қазақстандықтардың көбі (55,5%) бұл үрдісті елдің мәдени саясатының стратегисы, 22,2% мәдениеттің түрлі элементтері арасындағы өзара қарым - қатынасы және 18,5% мәдени нормалар мен сол мәдениетке жататын адамдардың мінез - құлықтары арасындағы сәйкестікті айқындайтын әлеуметтік интеграция ретінде сипаттады. Ал оның жағымды жақтарына отандық сарапшылар (85,1%), ең алдымен, ұлттық мәдениеттің дамуын жатқызған. Сонымен қатар, 74% жаңа технологиялармен алмасу, оларды мәдени ортаға енгізу, 62,9% халықаралық сахнада мемлекеттің беделін арттыру мүмкіндіктерін атап өтті. Ал мәдени интеграцияның қауіптері бар ма деген сұраққа қазақстандық қатысушылардың 66,6% “бар” деп жауап берді. Олардың ішінде 55,5% құндылықтар жүйесі өзгеруі мүмкін деп санайды, себебі қоғам құндылықтары мен мәдени интеграция өзара тығыз байланысқан. 37% қазақтың ұлттық мәдениетіне дәстүрлі емес элементтер (мысалы, бір жынысты некелер) енгізілуі мүмкін деп жауап берді. Осылайша сарапшылардың көп бөлігі аталған үрдістің жағымсыз салдарлары болуы мұмкін деген көзқараста деп нақты айтуға болады және осыған орай туындайтын басты мәселе - ол қауіп - қатерлерден құтылу, интеграцияның Қазақстан мәдениетіне беретін мүмкіндіктерді тиімді пайдалану [10].

    Сонымен жоғарыда қарастырылған зерттеу нәтижелерін талдайтын болсақ, сауалнамаға қатысушылардың ойынша, мәдени бірігудің жағымсыз әсеріне ұлттық ерекшеліктердің өзгеруі ғана емес, олардың шетелге тән элементтермен алмастырылуы жатады. Сарапшылар айтқандай, қоғам құндылықтары мен елдің мәдениет секторында жүріп жатқан мәселелер тығыз байланыста болғандықтан, сәйкесінше, олар да жойылуы немесе алмастырылуы мүмкін. Аталмыш үрдістің оң әсеріне халықаралық қатынастардың нығаюуын жатқызуға болады. Бұған қоса, шетелдік мәдени ұйымдармен тәжірибе алмасып, ортақ мақсатта жұмыс істеу мүмкіндігі Қазақстанның беделін арттырып, өркениетті ел атануына септігін тигізеді. Алайда, нәтижесінде шетелдік үрдістерден тәуелділік пайда болуы мүмкін. Осылайша, жаһандану үрдісі қоғам құндылықтарының өзгеруіне белгілі бір дәрежеде қауіп төндіреді деген шешімге келуге болады.

    Өзінің 2012 жылғы жолдауында Н. Назарбаев қазіргі әлем «ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешіріп отыр» деп атап кетті [3]. Шыңында да, күшті заманауи ақпараттық құралдар түрлі мәдениеттердің дәстүрлі үлгілері мен сипаттарын бұзып жарады. Бұған мысал ретінде испан, мексикан, түрік, аргентин және т.б. мәдениеттерді атауға болады [11]. Біздің мәдениетіміз де өзінің ерекшеліктерінен айырылуы әбден мүмкін. «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасында айтылып өткендей, «өнердің қазіргі заманғы бағыттары мен оның жаңа ағымдары тиісінше даму мен қолдау ала алмай келеді», «ұлттық рухани құндылықтар мен бағдарларды жарқын көркемдік образдарда бейнелейтін заманауи өнер туындыларының жетіспеушілігі» және «эстетикалық талғамға, адамгершілікке тәрбиелеуге, отандық мәдениетке деген қызығушылық пен құрмет сезімін дағдыландыруға бағытталған балаларға арналған түрлі мәдени өнімдерді (оның ішінде анимациялық) шығару стратегиясы жоқ» сияқты мәдениет саласындағы ауқымды мәселелер еліміздің мәдени бірігу қыспағына төтеп бере алмай, өзінің құндылықтарынан айырылуына себеп болуы мүмкін [12]. Сол себепті, жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай білуіміз қажет.
    Бағалау
    Жаһанданудың қоғам құндылықтарына кері әсерлерін жоюдың жолдары қандай?
    Жоғарыда атап өтілген мәселелерден жаһандану үрдісінің қоғам құндылықтарына теріс әсер етеді деген қорытындыға келуге болады. Атап айтқанда, ұлттық мәдениеттің қайталанбас сипаттарының бұзылуы, ұлттық ерекшеліктердің жойылуы, қоғам құндылықтары жүйесінің өзгеріп, шетел ықпалына түсуі, дәстүрлі мәдениетке сәйкес келмейтін элементтердің көрініс табуы, жатар арасында ұлтты құндылықтарға жат қасиеттердің таралуы. Демек, қазақ қоғамының ертеден бері қастерлейтін құндылықтарын сақтап қалу үшін, ұлттың болашағы, яғни жас - жеткіншектердің қатысуымен іске асатын жолдарды іздегеніміз жөн. Ол үшін ФОРСАЙТ талдауы қолданылады.

    Біздің болашаққа жоспарлайтын болжамымыз, егер рухани жаңғыру сапалы түрде жүзеге асырылса, яғни жас ұрпақты тәрбиелеу барысында қазақтың бұрыннан келе жатқан салт - дәстүрлері мен әдет - ғұрыптары дұрыс насихатталып, оқыту барысында халқымыздың қанына сіңіп кеткен қасиеттерді бағалауды жастарға үйретсе, онда қазақ қоғамының құндылықтары шетел экспансиясына төтеп бере алады. Бізді толықтай қанағаттандыратын болашақ, қазақ халқының, әсіресе, жастардың шетелдіктен гөрі ұлттық мәдениетке көбірек қызығуы, оны қадірлеуі, шетелдік тенденцияларға ілеспеуі, ана тілінде еркін сөйлеуі болып табылады. Осы орайда, Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» халыққа жолдауында жазылған сөзі орынды деп санаймын: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн» [13].

    Көзделген болашаққа қол жеткізу үшін бізде бұқаралық ақпарат құралдары, Орталық Азиядағы ең ауқымды «Астана Опера» опера және балет театры, «Қазақстан» орталық концерт залы, ішінде мәдени мұраның маңызды құндылықтары жинақталған Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы бар. Сонымен қатар, отандық кино индустриясы белсенді дамып келе жатыр. Жаңа ескерткіштер ашылып, маңызды деген тарихи-мәдени объектілерді реставрациялау және реконструкциялау жүріп жатыр [12]. Дегенмен, барды ұтымды пайдалану үшін балаларды жастайынан қазақ муызкасын тыңдауға итермелеу қажет. Себебі, ерте кезден бері қазақтың әндері халық аспаптары сазы арқылы өмірдің дәстүрлі көріністерін беріп отырған. Бұған қоса, жас - жеткіншектер отандық сайттарды қолдана алады (мысалы, түрлі мультфильмдер, ертегі-әңгімелер ана тілінде оқылып, көрсетілетін сайттар). Осылайша, мәдениет ошақтары мен қазақ тіліндегі БАҚ арқылы жас ұрпақ бойында адамдық қасиет, ұлттық рух пен мәдениеттiң күш-қуаты қалыптастырылады және қоғам құндылықтары ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бріледі.

    Алайда, бізде бейімделгіштік қасиет жоқ. Мысалы, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени дәстүрлерге бай Қытай, Үндістан және Ресей елдері “саяси бейімделу қасиеттерін” тиімді жүзеге асыра білгеннін арқасында ғана жаһандану қыспағына әлі түспеген және өзіндік ерекшеліктерді толықтай дерлік сақтап қалған. Атап айтсақ, Үндістан британ мәдениетін өз ыңғайына бейімдеп алды, Ресей өз бойына батыстың либерализм және коммунизм қағидаларын сіңіре білді, ал Қытай болса, батыстың либерализмімен қоса, АҚШ-тың мәдени жаһандануына бейімделе алды [11].

    Көзделген болашаққа жету үшін, біріншіден, оқу орындарында мәдени орталықтарға баруды үгіттеу қажет. Әсіресе, қазақ театры мен музыкалық өнерді тамашалауға мүмкіндік беретін ошақтарды жарнамалап, қоғамды қызықтыру қажет. Екіншіден, оқытушы - ұстаздардың қазіргі заманға сай білім алып, жаңа технологияларды қолдана отыра, оқыту барысында рухани ұлттық дәстүрлердің сақталуын қамтамасыз ететін бағдарламалар бойынша жұмыс істеуіне жағдай жасау қажет. Үшіншіден, батыс мәдениетімен бәсекелесу үшін, қазақ мәдениетін қайта жаңғыртып, дамыту қажет. Ұсынылған ФОРСАЙТ талдауына сүйене отыра, жаһанданудың қазақ қоғамының құндылықтарына төндіретін қауіптерді жоюға болады.
    Зерттеу қорытындысы
    Курстық жұмыс барысында жаһанданудың халыққа қалайша әсер етіп, осы әсердің күнделікті өмірде қандай сипат алатынын, қалыптасқан жағдайда қоғам құндылықтары өзгеруінің қаншалықты қауіпті екенін анықтау үшін төрт адаммен сұхбат өткізілді және оның нәтижелеріне SWOT талдауы қолданылды. Осылайша жаһанданудың теріс әсері ретінде салт - дәстүрлердің ұмытылып бара жатқаны, қазақ тілінің біртіндеп қолданыстан шығып бара жатқаны, батыс ықпалының нәтижесінде жастардың ұлттық мәдениеттен алыстап бара жатқаны анықталды. Осының барлығы, өз кезегінде, қоғам сана - сезімінің және, сәйкесінше, қоғам құндылықтарының өзгеруіне әкеледі. Бұны болдырмау үшін, ұлттымыздың тарихын жаңғырту және балалрды тәрбиелеу процессіне салт - дәстүрлерді, тарихи тұлғалар жайындағы мәліметтерді көбірек кіріктіру қажет.

    Сонымен қатар, қоғам құндылықтарының әлсіреу қаупін болдырмау жоспары ФОРСАЙТ талдауы көмегімен ұсынылды. Біздің елімізде мәдени жаңғыртуды іске асыра алатын мәдени орталықтардың және қоғам санасына айтарлықтай әсер ететін бұқаралық ақпарат құралдарының бар екендігі анықталды. Осыларды қолдана отыра, бізді қанағаттандыратын болашаққа қол жеткізуге болады. Ол үшін, ең бастысы, жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу методикаларын ойлап табу қажет. Қарастырылған тармақтар сапалы түрде орындалса, біздің қоғамымыздың құндылықтары әлемде жүріп жатқан үрдістердің кез - келгеніне төтеп бере алар еді.

    Қорытынды

    Осы жобаны жасау барысында ақпараттың тым көп болуы және соның ішінен сапалыны таңдап алу сияқты қиыншылықтар болды. Алайда, зерттеу жұмысын орындау мені нақты жоспар құрып, қадамдарды белгілеп алып, олар бойынша жүйелі түрде жұмыс істеуге, қойылған мақсатқа уақытылы жетуге үйретті.

    Пайдаланылған әдебиет:
    1)Молдабаева Г.С., Ұлттық құндылықтар мен мәдениеті жоғары бағалай біліп, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, 2017ж.
    2)Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің 2013 жылғы 21 ақпандағы Мәжіліс депутаты Серікбай Нұрғисаевпен сұхбатынан үзінді
    3)Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы, 2012ж.
    4)Нысанбаев Ә., Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтар әлемі, 2013ж.
    5)Габбасова Б.Б., Жалпы адамзаттық құндылықтар
    6)Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың партияның XVI съезінде сөйлеген сөзі, 2015ж.
    7)Шашаева Г.Қ., Бурамбаева М.Н., Жас ұрпақтың рухани мәдениетін қалыптастыру негіздері, 2015ж.
    8) Эрик Г.Эриксон, Детство и общество, 2000ж. http://pedlib.ru/Books/1/0154/1_0154-1.shtml

    9)Байдаров Е., Қазіргі жаһанданудың әлеуметтік-мәдени
    аясында архитектоникасы, 2014ж.
    10)Садыкова Г., Казахстан и мир: культурная интеграция, 2014ж.
    11)Әбуов Ә.Е., Жаһандану жағдайындағы ұлттық құндылықтардың маңызы, 2011ж.
    12)"Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы, 2014ж.
    13)Мақашева Н.С., Жеке тұлғаға қалыптастыруда ұлттық тәрбие негіздері, 2016ж.


  • перейти в каталог файлов


    связь с админом